Химия сабақтарында студенттердің танымдық белсенділігін арттыру
Оқытушылар: А.А Есмагамбетова
А.Қ.Рахымжанова
А.Т. Жаркимбекова
ҚМББ «Болашақ» колледжі
«Елімізде болып жатқан саяси, әлеуметтік, экономикалық және басқа да өзгезістер білім беру жүйесіне әсер тигізіп жатыр. Бұл өзгерістер еліміздің мектептерінде тек жаңа пәндерді енгізіп қана қоймай, сонымен бірге оқыту әдісін өзгертуді де талап етеді. Еліміз тәуелсіз мемлекет болып даму жолында, қоғамның назарын аудару үшін шешім қабылдау маңызды. Бұл әсіресе сынып жұмысына қатысты: сабақ барысында студенттер белсенді болулары керек. Сондықтан баланың білім алуға деген құштарлығын ояту үшін казіргі заманда мұғалім көп ізденіп,сабақтың тиімді өтуіне жұмыс жасауы қажет. Білім сапасы студенттердің білімге деген құштарлығымен, қызығушылығына тікелей байланысты.
Біздің ел дамудың демократиялық жол таңдауына байланысты, бүгінгі таңда қоғамда шешім қабылдауға маңызы арта түсті. Осы бағытта студенттердің белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретін әдістемелік тәсілдер интерактивті деп аталып жүр. «Интерактив» ағалшынның «өзара әрекет» деген сөзі. Демек, интерактивті оқыту әдістері тұлғааралық қарым-қатынасқа негізделе отырып, «жеке тұлғаны дамытуға бағытталатын» қазіргі білім беру парадигмасын қанағаттандырады. Сонымен бірге сапалы білім алудың алғы шарттары болып танылатын таным белсенділігі һәм ізденіс дербестігін қалыптастырып қана қоймай, ары қарай дамытады.
Студенттердің оқуы сонымен білім сапасы оқу барысында студенттің өзі сабаққа тікелей қатысуы, сабақ барысында тек мұғалімнің айтқаның ғана жазып,сызып қоймай өз бетінше білім алуға жағдай жасалғанда ғана студент білімге өзі ұмтылатыны және алған білімін одан әрі дамытуға қызығатыны анық. Сабақ барысында оқудың белсенді әрекет әдістерін қолданудың нәтижелілігін осыдан көруге болады.
Оқудың белсенді әдістеріне: диалогтық оқыту түрлері: әңгіме –дебат, топтық әңгіме, зерттеушілік әңгіме, рефлексивтік оқыту негізіндегі кері байланыс, ролдік ойын, сұрақ-жауап, жағдаяттарды талдау, тренингтер, өзін-өзі бағалау, тест құру және бірін –бірін тексеру жатады. …
Интерактивті оқыту әдістері дәстүрлі оқыту әдістерінен оқу үрдісінде студенттердің өзінің өмірлік тәжірибелерін пайдалану арқылы есте берік сақтауымен, мәліметтерді талдап, жинақтау арқылы жеке және кәсіптік қабілеттерін аша алуымен ерекшеленеді. Бұл бағыт мұғалімнің жұмысын түбегейлі өзгертеді. Жаңа білім алу үрдісі оқытушы мен студенттерге шығармашылықпен жұмыс жасауға итермелейді, себебі студенттер білімді өздігінен іздену арқылы алу керек болса, мұғалім студенттердің білім алуына себептер, жағдайлар тудыру керек. Ол үшін мұғалім сабақты жан-жақты дайындауы қажет, сабақ үстінде қандай болмасын студент тарапынан әртүрлі сұрақтар туындауы мүмкін, сол жерде мұғалім қажетті бағдар беріп жіберуіне тура келеді. Сонымен казіргі заман талабына сай мұғалім «білім бұлағы» емес, «білім бұлағына» жеткізуші, яғни білім алу жетекшісі болуы тиіс. Осы кезде мұғалімнің талапқа сай студенттің білім алу белсенділігін жоғарылату мақсатында жаңа технологиялар менгеруі қажеттілігі туындап отыр.
Жоғары технологиялар заманында адамға жан-жақтан түрлі ақпарат келіп түседі, сондықтан казіргі заман адамы ақпараттармен жұмыс жасай біліп, қажетін алып қолдана алу бейімділігін қажет етеді.
Студенттердің танымдық қызығушылығын арттыруға бағытталған технологияларға сын тұрғасынан ойлау,жобалау, проблема туғызу, ұжымдық қарым-қатынаста оқыту. Қызығушылық деп студенттің бір нәрсеге зейін қоюға, кейбір заттар мен құбылыстарды танып білуге ұмтылуын айтамыз.
Қазір білім саласындағы болып жатқан мемлекетаралық бақылау, ұлттық бірыңғай тест, 12 жылдық оқуға көшу барлығы Қазақстандық білім сапасын көтеруді және халықаралық деңгейге жеткізуді көздейді. Осы проблемалар мектептегі химия пәнінің оқытылуына да тікелей қатысты.
Химияда студенттерді қызықтыратын құбылыстар аз емес. Қызығушылық адамның рухани және дене күшінің дамуының аса маңызды шарттары болып, ой-өрісін кеңейтіп білім алуға итермелейді. Студенттер қызықты сабақты зор ынтамен қабылдайды және жақсы оқиды.
Жаңа заманауи технологиялар даму заманында мұғалімнің күнделікті сабақта компьютер, интерактивті тақта қолдануы сабақ кезенің тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Химия пәнінің ерекшелігі сабақ барысында химиялық эксперименттер болуы, бірақ көптеген себептер (реактивтер тапшылығы, кейбір реактивтер белсенділігі, тәжірибе уақыт көп алуы) болғандықтан кейбір зертхана жұмыстары сабақ барысында өткізілмейді. Осындай кездерде электрондық оқулықтар, бейнетәжірибелер қолданылады. Электрондық бейнетәжірибелердің бір тиімділігі тәжірибені қайта көрсетіп қайталау мүмкіндігі,жақсы көрінуі, қауіпсіздігі болып табылады. Сабақта интерактивті тақта қолдану сабақ үрдісін тиімді қолданумен қатар студенттердің сабақты жақсы меңгеруіне, үнемделген уақыт студенттердің өз бетінше білім алуына себеп болады.
Өз бетінше білім алу –білім сапасын көтерудің бірден бір жолы екенін естен кетірмеу қажет. Белгілі ағылшын ақыны Ричард Олдингтон былай деген екен: «Білу керек маңызды нәрсеге үйрету мүмкін емес және болмайды , мұғалім тек үйрену жолын көрсету керек» сондықтан да білімді беру емес білімді алу жолын көрсетіп бағыт-бағдар берген тиімді. Казіргі студенттер - көп білімді: «мен оны білемін», «мен оны естігенмін», «мен оны оқығанмын». Қазіргі заманда студенттерде ақпарат көздері көп, сол себептен казіргі мұғалім студенттер үшін білімнің бірінші көзі емес, студенттерге білетінін қайта айтудың қажеті жоқ, алған,білгенін ары қарай дамыту жолын іздестіру, бағдар беру қажеттілігі туындайды, олай болмаған жағдайда басқа жағдайлармен қоса студенттердің оқуға деген ынтасын түсуінің бірден-бір себебі болып табылады. Мұғалімнің алдындағы мақсат студенттің оқуға деген ынтасын көтеру, қызығушылығын арттыру,ал бұл білім сапасын көтеру болып табылады.
Сабақты жоспарлау негізі - студенттердің жұмысын тиімді ұйымдастыру. Дұрыс жоспарланған сабақ барысында мұғалім студенттерге тек тақырыпты түсіндіріп қана қоймайды, олардың игеруге деген ынтасын, танымдық қызығушылығын ұйымдастырады. Сабақ барысында әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдану кезінде студенттердің жеке қабілеттерін, білім алу деңгейін тыс қалдырмау қажет. Қиын шығармашылық тапсырмаларды тек қабілеті жоғары студенттерге беру керек. Шығармашылық деңгейі жоғары тапсырмаларды орта деңгейлі қабілеті бар студенттерге беру олардың өзі-өзіне деген сенімін түсіріп, келе-келе сабаққа деген ынтасын жоғалтуының себебі болады.
Студенттер сабақ меңгеру барысында әртүрлі іс-әрекет жасайды: мұғалімді тыңдайды, оқулықты оқып қосымша әдебиетпен жұмыс жасайды, есеп шығарады, зертханалық тапсырмаларды орындайды. Осы әр іс-әрекеттер әр-түрлі психикалық үрдіске жатады: жады,қабылдау,ойлау, ойша бейнелеу. Аталған процестер ішінде ойлау ең негізгі болып табылады. Ойлау мен жады арасында тығыз байланыс бар. Ой елегінен өткен материал жадыда жақсы сақталады. Ойлау басқа да танымдық әрекеттерге әсерін тигізеді. Студенттер танымдық іс-әрекетін белсендіру дегеніміз- ойлау қабілетін белсендіру деп айтуға болады.
Студенттерге оқу барысында тек берілген танымдық тапсырмаларды орындау әдістерін үйрету ғана емес, сол тапсырмаларды өздігінен орындауға ынталандыру қажет.
Химия сабақтарында мен сабақтың тақырыбын айтпас бұрын заттардың күнделікті өмірде және тұрмыста қолданылуы туралы айтып, сүреттерін,материал үлгілерін көрсетемін, мысалы «Көмірсутектердің табиғи қорлары» тақырыпты өткенде бензин,мазут үлгілерін әуелі көрсетіп,оның түрін,түсін, иісін қарастырып талдай келе сабақ тақырыбына келтіремін, одан кейін ғана мұнайдың құрамы мен химиялық қасиеттеріне тоқталамын. Мұндай әдіс тақырыпқа деген орнықты немесе терең қызығушылық оятады. Химия – ерекше пән, оны химиялық тілді менгермей меңгеру мүмкін емес. Студенттер көбіне ойларын қазақ тілінен химия тіліне аударуда қиындықтармен кездеседі. Сондықтан мен студенттер ойын дұрыс жеткізе білу үшін сабақты түсіндіргенде ойларын бірнеше әдіспен жеткізуіне жағдай жасауға ұмтыламын, мысалы судың сутекпен оттектен тұратынын сызбанұсқа,сүрет түрінде көрсетіп химиялық формуласына көшемін.(М.Ф.Шаталов әдісі)
СУ – сутек + оттегі
↓ ↓
Химиялық элементтер — Н + О
Н2 + О2 – жай заттар; Н2О-су
Осындай әдіс қандай болмасын студенттердің анықтама жасауына қызығушылығын арттырады сонымен қатар жақсы меңгеруіне де себеп болады. Студенттердің есінде қалу үшін М.Ф. Шаталовтың блок -конспектілерін қолданамын, бұл блок-конспектілер тақырыпты жинақтап көрсетіп студенттердің есінде қалады.
4Na0 + O20 = 2Na2+1O-2
Na –е – берген, тотықсыздандырғыш; О +е –сараң, тотықтырғыш.
«Органикалық химия» курсында органикалық заттардың гомологтық қатарын бойынша заттардың формулаларын әр тақырыпты оқу барысында үйренеді. Осы формулаларды тез үйреніп жаттату үшін мен бірінші сабақта оларға кесте толтыруды ұсынамын. Осы қосылыстардың ұқсастығын және айырмашылығын анықтай отырып, органикалық заттардың химиялық құрылысының ерешеліктерін меңгереді.
Кесте толтыру барысында студенттер ізденеді, салыстырады, білімін талдайды, толықтырады. Сандық есептер шығару сабақтарында топтастырамын ,осындай бөлу студенттердің қабілетін арттырады және мұғалім мен студенттердің арасындағы қарым-қатынасты нығайта түседі. Топпен жұмыс барысында топтың әр студенті берілген тапсырмаларды орындау барысында өз үлесін қосуға тырысады және студенттердің интеллектуалды қабілеттері айқындалады. Топтастырғанда әр студенттің қабілетін еске ұстаған жөн. Бір топқа шығармашылығы жоғары, сын тұрғасынан ойлайтын студенттерді,ал келесі топқа ойлауы дұрыс, бірақ сенімсіздіктері басымырақ студенттер, үшінші топ алгоритмдік деңгейлі студенттерді бөлемін. Мысалы «Бейорганикалық қосылыстардың негізгі кластары» тақырыбын өткенде сыныпты төрт топқа бөліп тапсырмалар беремін.
Мысалы: 1.Қалып кеткен сөзді жазу: 1 моль күкірт қышқылында: … моль атом S; … моль атом H; … моль атом О
2.Үш сынауықта ерітінді берілген, қайсысында қышқыл бар?
3.Лакмусты ерітіндіден қалай «кетіру» керек?
4.Қышқылмен жұмыс жасалғаның дәлелде.
Қайталау сабақтарын эстафета түрінде өткіземін, мысалы жоғарыда аталған тақырыпты өту барысында мен сыныпты үш топқа бөліп әр топқа тапсырмалар жазылған карточкалар үлестіремін: берілген теңдеулерді толықтырып қалпына келтір –
… +…= ZnCl2 + 2 H2O; … = CaO + CO2 ; HCl + … =AgCl +… ; Cu(OH)2 = … +
Бір теңдеуді бір студент орындап болған соң, тапсырма парағын келесі студентке береді. Жеңімпаз болып ең бірінші болып және дұрыс орындаған топ болады. Эстафета түрінде өткізілгендіктен әр студент тапсырманы тезірек,әрі дұрыс орындауға тырысады, студент өз тобы үшін жаны ашып, қайтсе де жеңіске жетуге ұмтылады, осындай сабақтар да студенттердің сабақ барысында белсенділігін жоғарылатумен қатар білімге, пәнге деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.
«Электролиттік диссоциация,электролиттер» тақырыбын оқыған кезде бейнетәжірибе арқылы заттардың электр тоғын өткізуі туралы сабақта тәжірибені дыбыссыз тыңдап сосын ғана түсініктерін талдау арқылы игергеннен кейін анықтамасын өздері береді. Қолда арнайы құрал бар жағдайда әуелі сынауыққа тұз салып ерітіп тоқ өткізетіне көз жеткізіміз, одан кейін спирттің ерітіндісіне электродты салып тоқ өткізгіштігі қандай екенін байқап, заттардың тоқ өткізетіндері-электролиттер; өткізбейтіндері –бейэлектролиттер деп түсінік қалыптастырамыз. Осыдан «неге?» деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа жауап алу үшін, студенттер заттардың құрылысы мен химиялық байланысын талдап, оның сызбанұсқасын құру арқылы жауабын табады.
Студенттер сабақтың тақырыбын талдау,туындаған сұрақтарға өз беттерінше жауап іздеу арқылы түсінеді және естерінде сақтайды. Өздігінен ізденіс жұмыстары студенттердің оқуға деген ынтасы мен қызығушылығын арттырып білімін тереңдетеді. Күнделікті сабақта үй тапсырмасын тексеруде,жаңа тақырыпты талдауда тест, проблемалық ситуация, ізденіске итермелейтін сұрақтар, деңгейлік тапсырмалар, химиялық диктанттар, оқулықпен жұмыс, есептер шығару арқылы студенттердің пәнге деген көзқарастарын, қызығушылығын қалыптастырамын. Сонымен бірге студенттер зертханалық,сарамандық жұмыстарды орындауда белсенділік танытады. Үй тапсырмалары жүйелі түрде жазбаша,ауызша тексеріледі және бағаланады. Студенттерді жаңа тақырыпты талдауда, өз пікірін айтуға, қосымша материалмен жұмыс жасауда мүмкіндігі мол. Нәтижесінде студенттердің сабаққа дайындықтары жүйелі түрде қалыптасып, білім сапасының артуына септігін тигізеді.
Сабақ барысында студенттерді біліммен қаруландырып қоймай оларды қисынды ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыту үшін студенттердің шығармашылық ізденісін, тапқырлығын, зеректігін, ойлауға икемділігін, өмірге ғылыми көзқарасын дамытуға өткізілген сыныптан тыс жұмыстар: «Білгір химик», «Жүзден жүйрік», «Кім жылдам?», сияқты танымдық ойындарын қолданамын. Алынған өзекті тақырыпты басшылыққа ала отыра және істелінген жұмыстарды қорытындылай келе өзін-өзі бағалай білетін, шығармашылық деңгейі жоғары жан-жақты тұлға қалыптастыра отыра, студенттердің білім сапасын көтеремін, алған білімдерін өмірмен ұштастыруға бағыт беріп студенттер құзырлығын дамытамын. Осындай тәжірибем арқылы студенттердің білімін, дағдыларын, ойлау қабілеттерін, шығармашылық ізденісін бақылау арқылы біршама нәтижеге жеттім. Мысалы: Ақпарат құралдарын пайдаланып деңгейлік тапсырмалар арқылы танымдық қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілген «Атом құрылысы, Атом ядросының құрамы» сабағында өткен тақырыпты пысықтау, үй тапсырмасын тексеру кезінде пәнге қызығушылығын арттыру үшін тест ретінде үй тапсырмасын сұрадым, жаңа сабақ барысында «миға шабуыл», «кім жылдам?», «біліміңді байқап көр» ойын элементтерін қолданып, оқушылардың белсенділігін арттырдым. Есте сақтау қабілетін шыңдауға, ғылым мен техника жетістіктеріне, білімге деген қызығушылығын арттыруда сыныптан тыс шаралардың маңызы зор. Студенттердің химиялық сауаттылығын арттыру, алған білімдерін тиянақты болуын қадағалау үшін сыныптан тыс жұмыстар жүргізіп, студенттерді қызықтыратындай химиялық ойындар викторина шешу, кроссворд құрастыру, логикалық есептер шығарту арқылы ой-өрісін, пәнге қызығушылығын арттырып, пән аралық байланысты нығайту қажет. Әр тарауды өткен соң, химиялық диктант, өздік жұмыс, тақырыптық есеп, бақылау жұмыстары, тестік тапсырмалар өткізу арқылы тақырыпты қаншалықты меңгергенін тексеріп, тақырыпты толық меңгере алмаған студенттермен қосымша сабақтар, сыныптан тыс жұмыстар жүргіземін. Бағалау парағына әр деңгейлік тапсырманың бағасын қойып, қорытынды бағасын шығарып отырамын. «Азот», «Атом құрылысы», «Хлордың қолданылуы», «Күрделі эфирлер», «Қышқылдар», «Негіздер», тақырыптарына арналған сабақтарымда слайд материалдарын кең қолдандым.
«Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші, менің ұстаз ретінде де, еліміздің ұлтжанды азаматшасы ретінде де арманым еліміздің әрбір азаматы терең білімді, интеллектуалды, заманауи техникаларды еркін меңгере алатын, әрқайсысы еліміздің дамуына өз үлесін қоса алатын болса деймін. Ол үшін оларға білім беретін ұстаздар өз пәнін жетік меңгерген, теория мен практиканы студенттер бойына сіңіре алатын шығармашыл, ізденімпаз, ең бастысы еңбекқор болуы қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы».
2. «Химик анықтамалығы» журналдары. №1 (15),2010 жыл, №2 (16), 2010 жыл.
3. Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы.
4.Құрманова Ж.С. Оқушының шығармашылық іс-әрекетін тиімді ұйымдастыру арқылы жеке тұлға қалыптастыру жолдары, Өскемен 2014 ж
5.Интербелсенді әдіс-тәселдер Өскемен қаласы, 2014 ж
6. А. Салихова «Оқушылардың шығармашылығын дамыту» Ғылыми- әдістемелік журнал, №5-2009 ж
7. Интернет материалдары №72 «Gooqle» және №65 «Mail.ru» сайттары 2009 ж.